07-10-2019
Қазақстан – ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық мекені. Мемлекет қазіргі таңда сыртқы және ішкі саясатта жанжалсыз, достық қарым-қатынас ұстануға тырысады. Сондықтан республика көлемінде медиация саласы дамып келеді. Медиация – туындаған дау-жанжалдарды сауатты шешуге, тараптарды бір ымыраға келтіруге көмектеседі.
Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында кәсіби емес медиаторларға арналған семинар өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты - белгілі бір себептермен кәсіби мамандардың қызметтерін пайдалануға мүмкіндігі жоқ аудандарда, ауылдарда және шалғай аймақтарда жұмыс істеуге кадрлар даярлау.
Кәсіби емес деген сөз медиаторлардың біліксіздігін білдірмейді. Кәсіби емес медиатор дегеніміз медиация саласының маманы емес, бірақ адамдар арасында туындаған дау-жанжалдарды сауатты шешуге қабілетті. Олар ерікті негізінде кез келген мекемеде қызмет ете алады. Мысалы мектепте, достық үйлерінде және т.б.
Шара соңында семинарға қатысушылар сертификаттарға ие болып, алған білімдерін қызмет ететін немесе қызығушылық тудырған салаларында тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алды.